Жазаны тағайындау ерекшеліктері

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
   Солтүстік Қазақстан облыстық сотында оқу орталығының негізінде аудандық және оған теңестірілген сот судьяларының, жас судьялардың және судьялыққа кандиттардың қатысуымен «Жазаны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 13, 53, 59 баптарының талаптарын ескере отырып тағайындау ерекшеліктері» тақырыбында семинар өткізілді.
   Семинар барысында жиынға қатысушылар облыс соттарының үкім шығарған кезде ҚР ҚК 13, 53, 59 баптарының талаптарын ескере отырып жазаны тағайындауына, сондай-ақ оларды қолдану ерекшеліктеріне қатысты өзекті мәселелерді талқыға салды.
   Облыстық сот төрағасы Мұратғали Әкетай кездесуді аша отырып, соттар қылмыстың қайталануын анықтаған жағдайда ҚР ҚК-ның жоғарыда аталған баптарының талаптарын ескере отырып кінәлі адамға жаза тағайындау барысында соттардың қылмыстық құқық нормаларын бұдан әрі дұрыс қолдануына бүгінгі семинар септігін тигізетініне сенім білдірді.
   Петропавл қалалық сотының судьясы Анар Болсамбекова өз баяндамасында судьялар үкімді ҚР ҚК 59-бабы 2-бөлігінің талаптарын ескере отырып шығарған кезде қылмыстың қайталануын дұрыс анықтап, әділ жаза тағайындау ережесін түсіндірді. Сонымен бірге, судья адамға қылмыс жасағаны үшін тағайындалған жаза мерзімдері туралы, қылмыстың қайталануының кез келген түрі орын алғанда жаза тағайындау кезінде ҚР ҚК 59-бабының 3-бөлігінде белгіленген ережеден тыс жағдайлар жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
   Қызылжар аудандық сотының судьясы Дәурен Дүйсенбаевтың баяндамасында ҚР ҚК 53-бабының 4-бөлігінде осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң «д» және «к» тармақтарында көзделген жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар болған жағдайда жазаны тағайындаудың өзгеше ережелері қарастырылғаны тілге тиек етілді.
Айталық, қылмыс жасағаннан кейiн зардап шегушiге тiкелей медициналық және өзге де көмек көрсету, қылмыс салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залал мен моральдiк зиянның орнын өз еркiмен толтыру, қылмыспен келтiрiлген зиянды жоюға бағытталған өзге де iс-әрекеттер - «д» тармағында көзделген қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай болып табылады.
   Заң қылмыс салдарынан келтiрiлген зиянды жоюға бағытталған кез келген әрекетті жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырады. Олардың бірқатары ҚР ҚК 53-бабының 1-бөлігі «д» тармағында нақты көрсетілген. Аталмыш жағдайлардың кез келгені орын алса, адам өз әрекеттерінің зияндылығын ұғынып, өз кінәсін азайтуды қалайтынын білдіреді, бұл өз кезегінде қылмыстық жауаптылықты жеңілдетуге негіз болып табылады.
Кінәлі адам өз еркімен, яғни анықтау, тергеу, прокуратура органдарының тарапынан жасалған мәжбүрлеу шараларынсыз, қылмыс салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залал не моральдiк зиянның орнын толтырса, оның әрекеттері жеңілдететін мән-жайлар сипатына ие болады.
   Зиян орнын толтырудың өз еріктілігі жөніндегі сұрақты сот істің мән-жайларын жан-жақты талдау негізінде шешуі тиіс.
   Өз кезегінде «к» тармағы адамның шын жүректен өкiнуін, айыбын мойындап келуін, қылмысты ашуға, қылмысқа басқа қатысушыларды әшкерелеуге және қылмыс жасау нәтижесiнде алынған мүлiктi iздеуге белсендi жәрдемдесуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырады.
   ҚР ҚК 53-бабының 4-тармағына сәйкес, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң «д» және «к» тармақтарында көзделген жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, жаза мерзiмi немесе мөлшерi осы ҚР ҚК Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзiмiнiң нeмece мөлшерiнiң ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған кезде - жартысынан, ауыр қылмыс жасаған кезде - үштен екiсiнен, аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен аспауға тиiс.
   Материалды меңгеруін бағалау үшін қатысушыларға тәжірибелік тапсырмалар ұсынылды.
   Іс-шара соңында сот практикасын бірізділікке түсіру мақсатында семинарға қатысушылар тиісті ұсыныстар дайындады.   

 

   Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі 

Тегтер: