Балалар құқығын қорғау

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
   Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу және қалпына келтіру туралы азаматтық істерді қарау мәселесі бойынша семинар өтті.
   Семинарға Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары Б.Б. Қасейінов, Д. Қайратұлы, М.Е. Қапаров, облыстың және Петропавл қаласының қорғаншы және қамқоршы органдарының, мамандандырылған мектеп-интернаттарының, балалар үйінің өкілдері, прокуратура органдарының және адвокатураның өкілдері қатысты.
   Соншалық кең ауқымды семинарды өткізудің мақсаты - ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу және қалпына келтіру туралы азаматтық істерді қарау барысында қорғаншы және қамқоршы органдарымен, мамандандырылған мектеп-интернаттарымен, балалар үйімен, прокуратурамен, адвокатурамен өзара ықпал жасау мәселесін шешу, сонымен бірге ортақ ұстанымдар мен келелі мәселелерді анықтау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау ісіндегі аталмыш мәселелерді шешу жолдарын табу.
   Сондай-ақ талап арыздарды e-gov  электрондық порталы арқылы беру тәртібі бойынша сұрақтар талқыға салынды.
   Сот төрағасы өз сөзінде мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі балалар құқығының сақталуын қамтамасыз ету болып табылатынын, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясында, халықаралық шарттарда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде бекітілген баланың әлеуметтік-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандығының толықтай танылуын көздейтінін атап өтті.
   Кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету олардың құқықтық қорғалуына тікелей байланысты.
   Ата-аналар мен балалардың арасындағы қарым-қатынасты, негізінен, еліміздің Конституциясында және заңдарында бекітілген адамгершілік нормалары реттейді. Қазақстан Республикасының Ата Заңында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті», - делінген.
   Алайда, өкінішке орай, балаларын тәрбилеу бойынша ата-аналық міндеттері мен құқықтарына немқұрайлы қарайтын ата-аналар да кездеседі. Өздерінің өнегесіз қылықтарымен және әрекеттерімен олар кейде балаларын құқық бұзушылық жасау жолына да итермелейді.
   Бала тәрбиесіне тиісті түрде назар аудармайтын ата-аналар адами мінез-құлық нормаларын бағаламайтын тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді. Соның нәтижесінде оқуға ден қоймау, көпшілік орындарда спирттік ішімдіктерді ішу, тыйым салынған уақытта ойын-сауық орындарында жүру сияқты тәрбиенің «жемісін» көреді, әдетте, бұл жағдайда кәмелетке толмағандар өздерінің қандай да бір құқық нормаларын бұзғанын мойындамайды.  Ал соның салдарынан ата-аналар ғана емес, мұғалімдер де, айналадағы адамдар да, жалпы қоғам да жапа шегеді.
   Б.Б. Қасейіновтің пайымдауынша, ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу және қалпына келтіру туралы азаматтық істерді қарау ерекшелігіне байланысты өзекті мәселелерді талқылауға, ортақ ұстанымдарды анықтауға, аталмыш мәселелерді шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретін семинарды өткізу қажеттілігі туындады.
   «ҒАТ» АҚ-ның Ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу бөлімінің жетекші маманы Ғазиз Сәдуақасов семинар қатысушыларына талап арыздарды e-gov  электрондық порталы арқылы беру тәртібін түсіндірді. Бұл бағыттағы ақпараттық технологияларды қалай меңгеру керектігін Ғ.Сәдуақасов презентация түрінде көрсетіп берді. Талап арыздарды электрондық нысанда беру тәртібі жеке және заңды тұлғалардың уақыты мен қаражатын үнемдеп қана қоймай, кеңсе мамандарының жұмысын біршама жеңілдететіні тілге тиек етілді.
   Талап арыздарды электрондық нысанда беру мүмкіндігі ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінде және «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңында бекітілген. Аталмыш қызмет түрін Қазақстан Республикасының барлық азаматтары қолдана алады, бұл үшін арызданушы порталға тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңбасын алуы тиіс. 
   Электрондық цифрлық қолтаңбасын алу тәртібі жөнінде «СҚО бойынша ХҚКО» РМК филиалының инспекторы Қарлығаш Садриева баяндады. Ол аталмыш қолтаңбаны алу тәртібі жөніндегі кеңесті кез келген уақытта Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінен алу болатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, ХҚКО-да электрондық цифрлық қолтаңбаны алуға ниет білдірген азаматтармен жұмысқа мамандандырылған персоналдардың жеке тобы бар. Сондықтан адамдарда қолтаңбаны алуға байланысты қиындықтар туындамауы тиіс.
   Ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу және қалпына келтіру туралы азаматтық істерді қарау бойынша қалыптасқан сот практикасы жөнінде судья Дәурен Қайратұлы толығырақ тоқталып өтті.
   Ол сотқа дәлелдерді ұсыну міндеті тараптарға және іске қатысатын өзге адамдарға жүктелетінін түсіндірді. Сонымен бірге сотта азаматтық істерді қараудың белгілі бір сот практикасы қалыптасқанын атап өткен жөн, атап айтсақ, талапкер кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу және білім беру міндеттерін орындаудан жауапкердің жалтаратынын айтып, оны ата-ана құқығынан айыру туралы талап қояды. Алайда көп жағдайда талапкер жауапкердің алимент төлеуден қасақана жалтаратынын, яғни жауапкердің белгілі бір  табысы бола тұра, ешбір себепсіз, саналы түрде алимент төлемейтінін,  табысын жасырып, балаларын асырауға көмек беруден жалтаратынын растайтын дәлел ұсынбайды.
   Соттың ашылған күнінен бастап бірде бір ата-анаға қатысты өз баласын перзентханадан, жетім балаларға, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан және өзге ұйымдардан алудан себепсіз бас тарту негізінде ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарылған жоқ.  
  Өкінішке орай, бүгінгі таңда қорғаншы және қамқоршы органдары ата-ана құқықтарын шектеудің күшін жою туралы істер  бойынша сотқа ата-аналардың тәртібін үнемі бақылайтынын растайтын мәліметтерді мен дәлелдерді мүлде ұсынбайды. Сол сияқты ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы өтініштерді қарау барысында да ата-ананың өз мінез-құлқын өзгерткеніне көз жеткізу қажет.
   «Жоғарыда баяндалған жағдай аталмыш санаттағы азаматтық істерді қарау кезінде қиындықтардың туындайтынын көрсетеді.  Осыған байланысты семинарға қорғаншы және қамқоршы органдарының, прокуратура, адвокатура органдарының қызметкерлері шақырылды. Семинардың түпкі мақсаты ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу және қалпына келтіру туралы негізді талаптарды берудегі бірыңғай әдіске тоқталу», - деп қорытты судья.
   Семинар соңында қатысушылар аталмыш бағыттағы жұмыс барысында туындайтын келелі мәселелерді белсенді түрде талқылап, ұсынымдар дайындады.
 
СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Тегтер: