ҚР соттарында бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

 

  Қазақстан Республикасы Жоғарғы

  Сотының жанындағы Соттардың

  қызметін қамтамасыз ету

  департаменті (Қазақстан Республикасы

  Жоғарғы Сотының аппараты)

  басшысының

  2016 жылғы «___»______ №____

  өкімімен бекітілді

 

 

Қазақстан Республикасының соттарында бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар

 

1.    Жалпы ережелер

 

1.  Осы Әдістемелік ұсынымдар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - АПК) және Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі - ҚПК) сәйкес және бейнеконференциялық жүйесін пайдалана отырып сот отырыстарын өткізу мәселелерін реттеу мақсатында әзірленген

2.  Бейнеконференциялық байланыс жүйесін қолданудың мақсаты:

1)  істерді қарау бойынша процестік мерзімдерді сақтау және азайту;

2)  қамақта отырған сотталушының сот отырысына қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

3)  сот отырысына белгілі бір себептерге байланысты қатысу мүмкіндігі жоқ куәден, жәбірленушіден  жауап алу мүмкіндігін жүзеге асыру;

4)  белгілі бір себептерге байланысты сот отырысына қатысу мүмкіндігі жоқ іске қатысушы тұлғалардың, олардың өкілдерінің, сонымен қатар куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың сот отырысына қатысуы.

3.  Осы Әдістемелік ұсынымдарда қолданылатын негізгі ұғымдар:

1)  бейнеконференциялық байланыс – екі немесе одан да көп қашықтықтағы абоненттердің интерактивтік өзара іс-қимыл жасауына арналған, олар арасында нақты уақыт ауқымында басқарушы деректерді ескере отырып, аудио-бейне ақпаратпен алмасу мүмкін болатын телекоммуникациялық технология;

2)  Департаменттің бейнеконференциялық байланыс жүйесін үйлестіруші - соттарда бейнеконференциялық байланыс жүйесінің жұмыс істеуін үйлестіру үшін Департамент басшысы айқындайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкері;

3)  облыстық және оған теңестірілген соттың бейнеконференциялық байланыс жүйесін үйлестіруші – бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда бейнеконференциялық байланыс жүйесінің жұмыс істеуін үйлестіру үшін Соттар әкімшісі айқындайтын облыстық және оған теңестірілген соттың қызметкері;

4)  техникалық маман – республика соттарында бейнеконференциялық байланыс жүйесін шартқа сәйкес техникалық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлға;

5)  тергеу изоляторы – өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған, қылмыс жасады деп күдік келтіргендер мен айыпталушыларды, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмыстар орындау үшін қалдырылған не түзеу мекемесінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жіберілген және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабында көзделген тәртіппен ауыстырылған сотталғандарды ұстауға арналған арнаулы мекеме;

6)  қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесі (бұдан әрі – түзету мекемесі) – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындауға, сондай-ақ өлім жазасына сотталғандарды ұстауға арналған мемлекеттік мекеме.

4.  Бейнеконференциялық байланыс жүйесін қолдану арқылы жүргізілген сот процестері туралы ақпаратты (соттың атауы, сот отырысы залының нөмірі, сот отырысының күні мен уақыты көрсетілген, бейнеконференциялық байланыс жүйесінің жұмысқа қабілеттігі туралы ақпаратты) сот отырысының хатшысы Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне орналастырады.

 

2.Бейнеконференциялық байланысты ұйымдастыруға және өткізуге қатысушылар

 

5.  Бейнеконференциялық байланысты ұйымдастыруға және өткізуге қатысушылар:

5.1.                  сот тарапынан:

-      судья;

-      сот отырысының хатшысы;

-     Департаменттің/облыстық және оған теңестірілген соттың бейнеконференциялық байланыс жүйесін үйлестіруші;

-      техникалық маман.

5.2.                 Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің уәкілетті органы мекемесінің тарапынан (тергеу изоляторы, түзету мекемесі):

-      тергеу изоляторы/түзету мекемесінің жауапты қызметкері.

5.3.                 өзге қатысушылар:

-      прокурорлар, адвокаттар, өзге де сот ісін жүргізуге қатысушылар.

6.  Ұйымдастырушылық-өкімдік әрекеттерді, бастапқы кезеңдегі әрекеттерді, процесті қолдау мен бейнеконференциялық байланыстың аяқталуын сот отырысының хатшысы орындайды.

7.  Ұйымдастырушылық-техникалық әрекеттерді техникалық маман орындайды.

 

 

3. Бейнеконференциялық байланыс жүйесін қолдану арқылы сот отырысына қатысуды қамтамасыз ету тәртібі

8.   Сот отырысын бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып өткізу соттың бастамасымен не іске қатысушы тұлғаның немесе сот процесіне өзге қатысушысының өтінішхаты бойынша және істі қарайтын сотта және бейнеконференциялық байланысты ұйымдастырушы ретінде өтінішхатта көрестілген сотта не тергеу  изоляторы мен түзету мекемесінде бейнеконференциялық байланысты жүзеге асыруға техникалық мүмкіндік болған кезде жүзеге асырылады.

9.  Бейнеконференциялық байланыс жүйесі пайдаланылып өткізілетін сот отырысына қатысу туралы  процестік заңнамада көзделген тұлғаларға тиісінші хабарлау тәртібін сақтау мақсатында сот отырысының нақты күні мен уақыты алдын ала соттар арасында қолдағы бар байланыс құралдары арқылы келісілуі тиіс.

Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырысын өткізудің күні мен уақытын алдын ала келісуді сот отырысының хатшысы жүзеге асырады. Сот отырысының хатшысы тергеу изоляторында/түзеу мекемесінде немесе сотта бейнеконференциялық байланысты жүзеге асыруға техникалық мүмкіндіктің бар болуын, ол арқылы арыз беруші сот отырысына қатыса алатындығын анықтайды. Қажет болған жағдайда бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырысын өткізу жоспарланып отырған, сотта іс бойынша жазбаша дәлелдемелер және басқа да процестік құжаттармен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін техникалық жабдықтардың болуын анықтайды.

10. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда бейнеконференциялық байланыс жүйесін қолдану арқылы сот отырысын өткізудің күні мен уақыты облыстық және оған теңестірілген соттың бейнеконференциялық байланыс жүйесінің үйлестірушісімен келісіледі.

Кассациялық сатыдағы соттарда бейнеконференциялық байланыс жүйесін қолдану арқылы сот отырысын өткізудің күні мен уақыты Департаменттің бейнеконференциялық жүйесінің үйлестірушісімен келісіледі.

11. Сот отырысының хатшысы  бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырысын өткізу бойынша ұйымдастыру шараларын қолдану туралы өтініш білдірген тұлғаның орналасқан аумағындағы тергеу изоляторына/түзеу мекемесіне немесе сотқа хат жолдайды.

12. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, аталған өтінішхатты берген  тұлға телефонограмма, телеграмма, факсимильді байланыс немесе электрондық пошта және т.б. байланыс құралдарын қолдану арқылы хабарландырылады.

13. Сот отырысын бейнеконференциялық байланысты пайдаланып өткізу туралы шешімді қабылдау кезінде сот отырысының хатшысы келесі күннен кешіктірмей  тесттік сеанс өткізудің қажеттігі туралы техникалық маманға хабарлайды, ол сот отырысының тағайындалған күніне дейін тиісті сот немесе тергеу изоляторы/түзеу мекемесі тағайындаған сот отырысының күнінен бір тәулік бұрын кешіктірілмей өткізіледі.

14. Техникалық маман бейнеконференциялық байланысты өкізуге арналған жабдықтардың үздіксіз жұмысқа қабілеттігін қамтамасыз етеді.

15. Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып өткізілетін сот отырысы басталғанға дейін 20-30 минут бұрын сот отырысының хатшысы бейнеконференциялық байланысты  ұйымдастыруды жүзеге асыратын сотпен немесе тергеу изоляторымен/түзеу мекемесімен қосылуды орнатады.

16. Жабдықтарда ақаулықтар анықталған немесе сотпен байланыс болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы бұл туралы дереу  техникалық маманға хабарлайды, ол ақаулықтарды жою бойынша шаралар қолданады.

17. Техникалық маманның техникалық ақаулықтарды жоюға мүмкіндігі болмаған немесе басқа да себептерге байланысты бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырысын өткізу мүмкіндігі болмаған жағдайда, сот отырысының хатшысы ол туралы дереу бейнеконференциялық байланысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын сотқа немесе тергеу изоляторына/түзеу мекемесіне хабарлайды.

18. Техникалық ақаулықтарды жою мүмкіндігі болмаған, техникалық немесе басқа да себептерге байланысты сот отырысының басталуы кешіктірілген жағдайда, сот сот отырысына үзіліс жариялау туралы немесе сот талқылауын кейінге қалдыру туралы мәселелерді қарайды. Бұл ретте сот отырысының хатшысы акт толтырады, оған  кеңсе меңгерушісі, сот отырысының хатшысы және техникалық маман қол қояды.
Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалануға техникалық мүмкіндіктің жоқтығы туралы акті іс материалдарына тігіледі.

19. Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырысын өткізудің тағайындалған уақытында сот отырысының хатшысы іске қатысушы тұлғаларды сот отырысының залына шақырады.

20. Сот отырысының хатшысы сот отырысының бейнежазба жүйесін іске қосып, процестік заңнаманың талаптарына сәйкес сот отырысының хаттамасын жүргізеді.

21. Сот отырысының барысында судья сот отырысын ашып, қаралуға тиіс істі жариялайды, содан кейін қатысушылардың келуін  тексеріп, сот отырысына келген тұлғалардың жеке бастарын  анықтап, олардың  өкілеттігін тексеріп, сот отырысына қатысу мүмкіндігін анықтайды.

22. Сот отырысының бейнеконференциялық байланысын ұйымдастыруды жүзеге асыратын сот немесе тергеу изоляторы/түзеу мекемесі, қатысушылардың келуін тексеріп, сот отырысына келген тұлғалардың жеке бастарын анықтап, олардың өкілеттігін тексеріп, сот отырысына қатысу мүмкіндігін анықтайды.

23. Сот сотқа келмеген тұлғалардың тиісті түрде хабардар етілуін, сонымен қатар олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екендігін анықтайды.

24. Жазбаны  сапалы ұйымдастыру үшін сотқа қатысушылардың барлығы қатты әрі анық сөйлеуі тиіс, сұраққа жауап беру кезінде және сөздің басқа тұлғаға берілуі барысында, келесі сөз сөйлеуші бірнеше секундқа кідіруі тиіс, ол туралы судья сот процесі басталғанға дейін оған қатысушыларды ескертеді.

25. Сот отырысында бейнеконференциялық байланыс жүйесінің қолданылуы туралы сот отырысының хаттамасында тиісті белгі қойылады.

26. Сот отырысының аудио-бейнежазбасын  материалдық тасымалдағыш және  істі қарайтын соттың және бейнеконференциялық байланысты жүзеге асыратын соттың сот отырысы хаттамасы істің материалдарына қосылады.

27. Егер сот отырысы барысында отырыстың қалыпты өтуіне кедергі келтіретін байланыс сапасының нашарлауы туындаған жағдайда, іс бойынша төрағалық етуші техникалық ақаулықтарға байланысты үзіліс жариялай алады. Мұндай жағдайда сот отырысының хатшысы бейнеконференциялық байланыстың сеансын тоқтатып, тиісті сотпен қайтадан байланыс орнатады.

28. Егер бейнеконференциялық байланыстың сеансы үзілген немесе қайта қосылу мүмкін  болмаған не байланыс сапасының жақсаруына әкелмеген жағдайда төрағалық етуші сот отырысына үзіліс жариялай немесе сот талқылауын кейінге қалдыра алады. Сот отырысының хатшысы ол туралы бейнеконференциялық байланысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын сотты хабардар етеді.

29. Сот отырысының хатшысы сот отырысының аудио-бейнежазбасын материалдық тасымалдағышта сақтауды қамтамасыз етеді. Аудио-бейнежазбаны қамтыған материалдық тасымалдағыш және сот отырысының қысқа хаттамасы іс материалдарына қосылады.

Ол техникалық себептерге байланысты толық немесе ішінара жоғалған жағдайда акт жасалады, оған сот отырысының хатшысы мен техникалық маман қолдарын қояды.

 

5.     Жауап алу барысында бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалану

30. Қашықтықтан жауап алу ҚПК-нің 213, 369 және 370-баптарында көзделген жағдайда жүзеге асырылады.

31. Жәбірленушіден, куәден жауап алу олардың тұрғылықты жері немесе мекен еткен аумағында орналасқан сотқа шақыру арқылы бейнеконференциялық байланыс жүйесі пайдаланылып жүзеге асырылады.

32. Қашықтықтан жауап алу мынадай жағдайларда қолданылады:

1) тұлғаның денсаулығының жағдайы мен басқа да белгілі себептерге байланысты тергеу (қарау) орны бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органға келе алмауы;

2) тұлғаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

3) баладан немесе кәмелетке толмаған куәден жауап алу;

4) сотқа дейінгі тергеу, істі сотта қарау мерзімдерін сақтауды қамтамасыз ету;

5) жауап алу қиын немесе артық шығындарға байланысты  болады деп пайымдауға  себептердің болуы;

33. Жауап алудың алдында төрағалық етуші куәнің жеке басын, оның сотталушы мен іске қатысушы басқа тұлғаларға  көзқарасын анықтайды, азаматтық борышы мен іс бойынша шынайы жауап беру міндетін, сонымен қатар жалған жауап беру мен жауап беруден бас тартуға қатысты жауапкершілігін түсіндіреді.

Қашықтықтан жауап алу барысында ғылыми-техникалық жабдықтар мен технологияларды қолдану суреттер мен дыбыстардың тиісті сапасын және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиіс.

 

5. Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалну кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

34. Ғылыми-техникалық жабдықтар мен технологияларды пайдалана отырып, қашықтықтан жауап алу барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етілуі тиіс.

35. Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалану кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сот процесін ұйымдастыруға жауапты тұлғалар мен техникалық мамандарға жүктеледі.

36. Бейнеконференциялық байланыс жүйесін пайдалана отырып сот процесін ұйымдастыруға жауапты тұлғалар, техникалық мамандар заңда белгіленген тәртіппен  жауапкершілік туралы ескертіледі.