Сот актілеріне жоғары тұрған сот сатыларында шағым беру тәртібі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қылмыстық істер бойынша:

 Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларға, олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде шағым жасауға құқылы. Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да қаулыға шағым жасауға құқылы.

 Аудандық және оған теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдері апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.

 ҚР ҚПК 415 бабының үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларына осы тарауда көзделген тәртіппен жекеше шағым, наразылық келтірілуі мүмкін.

 Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында  ҚР ҚПК  10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша шығарылған қаулылар, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қаралуға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда баяндалуы мүмкін.

 Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.

 Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, наразылықтар және қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.

 Басты сот талқылауы барысында шығарылатын бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.

 Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сот арқылы келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар  ҚР ҚПК 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.

 Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

 Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.

 Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.

 Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған ретте осы негіздер көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымдарды, наразылықтарды бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.

 

 Азаматтық істер бойынша:

 Осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

 Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.

 Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.

 Аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.

 ҚР  АПК 27-бабы төртінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.

 Судья аудандық және оларға теңестірілген соттар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты, жеке шағымды, ұйғарымға наразылықты жеке-дара қарайды.

 Апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляциялық сатыға келіп түскен шағым немесе наразылық шешім шығарған сотқа ҚР АПК 403 бабы екінші бөлігінің және 405-бабының талаптарын орындау үшін жіберілуге жатады.

 Апелляциялық шағым, наразылық іске қатысатын адамдардың санына қарай көшірмелерімен қоса сотқа беріледі. Қажет болған жағдайларда судья шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны шағымға немесе наразылыққа қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысатын адамдардың санына қарай беруге міндеттей алады.

 ҚР АПК белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық шағым, наразылық – шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап берілуі, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.

 Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алудың өткізілуін тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер бойынша апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарылған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.

 Апелляциялық шағымды немесе наразылықты беру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот ҚР АПК 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды.

  Апелляциялық шағымда, наразылықта:

 1) шағым, наразылық жіберілетін соттың атауы;

 2) шағым, наразылық беретін тұлғаның атауы;

 3) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;

 4) әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;

 5) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігі және шағым, наразылық беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуін талап ететініне нұсқау;

 6) шағымға, наразылыққа қоса берілген құжаттардың тізбесі;

 7) ағымды, наразылықты беру күні және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе ондай құжат болмаса, өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге құжат қоса берілуге тиіс.

 Шағымды, наразылықты электрондық құжат нысанында берген кезде олар оны беретін тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанындағы шағымға, наразылыққа құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.

 Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.

 Егер шағымда, наразылықта жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға жол беріледі.