Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақт

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету жөніндегі қағидалар

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 6001-18-12-7-6-/121 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 265 бірлескен бұйрығымен Бекітілген

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету жөніндегі қағидалар 

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету жөніндегі қағидалар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының (бұдан әрі – соттар), Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) (бұдан әрі – Департамент) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарына келушілер, процеске қатысушылар, сот процесіне қатысатын өзге де адамдар, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдар үшін өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Департаменттің аумағы мен ғимаратына өткізу және объектішілік режимді ұйымдастыру және жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (бұдан әрі – ӘПК), жергілікті соттар мен Департаменттің аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарына – сот приставтарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің облыстардың және Астана, Алматы қалаларының мамандандырылған күзет қызметі басқармаларына жүктеледі.

3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдар – соттардың ғимаратына ашық сот отырысына қатысу үшін келген, сот процесіне қатысушы не оған қатысатын өзге де адамдар болып табылмайтын, кәмелет жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

2) бақылау-өткізу пункті (бұдан әрі – БӨП) – келушілер мен көлік құралдарын өткізуді қамтамасыз етуге арналған арнайы үй-жай;

3) біржолғы рұқсаттама – жергілікті соттарға және Департаменттің аумақтық органдарына келушілерге осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жеке басты куәландыратын құжатты ұсынған кезде бір адамның бір рет келуі үшін беріледі.

4) келуші – соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимараттарына келген, Қағидалардың осы тармағының 1), 11), 12) тармақшаларында көрсетілген адамдар санаттарына жатпайтын, кәмелет жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

5) кіруді бақылау және басқару жүйесі (бұдан әрі – КББЖ) – соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимараттарына келетін адамдарды, сондай-ақ іргелес аумақтағы көлікті бақылау мен олардың кіруін басқаруды жүзеге асыратын, техникалық, ақпараттық, бағдарламалық үйлесімге ие, бақылау мен басқарудың бірлесе әрекет ететін техникалық құралдарының (механикалық, электрмеханикалық, электрлік, электрондық құрылғылар, конструкциялар және бағдарламалық құралдар) жиынтығы;

6) қызметтік үй-жайлар – судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің қызметтік кабинеттері, режимдік үй-жайлар және сот ғимаратының көпшілік кіретін бөлігіне қатысы жоқ басқа да үй-жайлар;

7) бекет полицейі (бақылау өткізу пункті бойынша кезекші) – соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының өткізу режимін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мамандандырылған күзет бөлімшесінің нарядының қызметкері;

8) өткізу және объектішілік режимдер – соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимараттары мен оларға іргелес жатқан аумақтар шегінде белгіленген, ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығымен қамтамасыз етілетін тәртіп;

9) пайдаланушының уақытша карточкасы – Жоғарғы Сот пен Департаментке келушілерге берілетін, бір адамның бір рет кіруіне арналған электрондық коды бар пластикалық карта. Ол келушінің жеке басын куәландыратын құжат бойынша беріледі;

10) полиция бекеті – соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимаратына кіретін орын немесе МКҚБ қызметкерлерінің өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерін орындайтын күзетілетін аумақ учаскесі;

11) сот процесіне қатысушылар – процестік заңдарға сәйкес сот процесіне қатысатын адамдар;

12) сот процесіне қатысатын өзге де адамдар – сот процесіне қатысушы болып табылмайтын, процестік заңдарда көзделген тәртіп пен жағдайларға сәйкес оған қатысу үшін шақыртылған адамдар;

13) сот ғимаратының көпшілік кіретін бөлігі – күту залдары, сот отырыстарының залдары, хат-хабарларды қабылдау және беру үй-жайлары, фронт-офистер;

14) техникалық бақылау – тыйым салынған бұйымдар мен заттарды рұқсатсыз кіргізуді (шығаруды), әкелуді (әкетуді), алып кіруді (алып кетуді) анықтауға арналған арнайы техникалық құралдарды қолдану арқылы өткізілетін іс-шаралар жиынтығы.

4. Соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарына келген адамдар осы Қағидаларда белгіленген өткізу және объектішілік режимдер талаптарын сақтауы, процестік заңнамада белгіленген сот қызметінің тәртібін және жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын сақтауы тиіс.

2-тарау. Өткізу және объектішілік режимдерді ұйымдастырудың жалпы тәртібі

5. Соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимараттарына кірген кезде барлық келушілерге, сот процесіне қатысушыларға, сот процесіне қатысатын өзге де адамдарға, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдарға қатысты бақылаудың арнайы жабдықтары мен техникалық құралдарын пайдалану арқылы техникалық бақылау жүзеге асырылады.

Жоғарыда аталған жабдықтар мен техникалық құралдар қол жүгі мен жеке заттарды қарап-тексеру кезінде де пайдаланылады.

Арнайы бақылау техникалық құралдары іске қосылған жағдайда бөлімше қызметкері көзбен қарап-тексеру үшін адамнан заттарын көрсетуді сұрайды.

Арнайы құралдардың істен шығуы (не олардың болмауы) себебінен оларды пайдалану арқылы техникалық бақылау жүргізу мүмкін болмаған жағдайларда, келуші адам бөлімше қызметкеріне көзбен қарап-тексеру үшін қол жүгін (сөмкелер, портфельдер, пакеттер, барсеткалар және т.б.) өзі ашып көрсетеді.

6. Адамда өткізу үшін тыйым салынған заттар мен бұйымдардың бар болуы жөнінде жеткілікті негіздер болған кезде оның келісімімен сыртқа қарап-тексеру жүргізіледі.

7. Адамның техникалық бақылау мен қарап-тексеруден өтпеуі оны ғимаратқа кіргізбеу үшін негіз болып табылады.

8. Соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимараттарына кіру мынадай құжаттардың негізінде:

1) пайдаланушының уақытша карточкасы;

2) біржолғы рұқсаттама;

3) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері, Соттар әкімшілері мен соттар кеңселерінің келушілер, сот процестеріне қатысушылар, сот процесіне қатысатын өзге де адамдар туралы полиция бекетіне ұсынған тізімі;

4) осы Қағидалардың 27-тармағында көзделген жағдайларда адвокаттар, прокурорлар – қызметтік куәлік бойынша;

5) ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдар – жеке басты куәландыратын құжат бойынша жүзеге асырылады.

9. Алкогольдік, есірткілік немесе уыттық масаңдану белгілері бар адамдар соттың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимаратына кіргізілмейді.

10. Бөлімше қызметкері адамда атыс қаруын, суық қаруды, арнайы құралдарды, оқ-дәрілерді (рұқсат ету құжаттарынсыз), есірткі заттарын, жарылғыш, жанғыш, тез тұтанатын, уытты, улы, радиоактивті заттарды тапқан кезде Қазақстан республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрекет етеді.

11. Бөлімше қызметкерлері мен сот приставтары "Құқық қорғау қызметі туралы" және "Сот приставтары туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен арнайы құралдарды, атыс қаруын және өзге де қаруды қолдануға, дене күшін, соның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға құқылы.

12. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне соттың, Департамент пен оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимаратына "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 3) тармақшасына сәйкес өздерінің кәсіби қызметіне байланысты мобильді құрылғыларымен (интернет модульдері бар ұялы телефондар, смартфондар, планшеттер және т.б.), бейне-, кино- және фотоаппаратураларымен кіруіне жол беріледі.

БАҚ өкілдерінің сот отырыстарында бейне-, кино- және фотоаппаратураны пайдалану мәселесін төрағалық етуші судья Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 345-бабына, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 19-бабына және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚтК) 21-бабына сәйкес шешеді.

3-тарау. Келушілерге қатысты өткізу режимін ұйымдастыру

13. Келушілердің ғимаратқа кіруі пайдаланушыға берілген уақытша карточка, біржолғы рұқсаттамалар мен тізімдер бойынша ішкі тәртіпке сәйкес жұмыс уақытында ғана жүзеге асыралады.

14. Пайдаланушының уақытша карточкасын, біржолғы рұқсаттаманы, келушілердің тізімін ресімдеуге және беруге өтінімдерді Департаменттің, сот кеңсесінің, не Соттар әкімшісінің қызметкерлері қабылдайды.

15. Пайдаланушының уақытша карточкасы не келушінің біржолғы рұқсаттамасы:

1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының;

2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқалары төрағаларының;

3) облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттар төрағаларының;

4) облыстық және оларға теңестірілген соттар алқалары төрағаларының;

5) судьялардың;

6) Департамент басшысы мен оның орынбасарларының;

7) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері басшылары мен олардың орынбасарларының;

8) Соттар әкімшілерінің басшылары мен олардың орынбасарларының;

9) Соттар әкімшілерінің құрылымдық бөлімшелері басшыларының;

10) жергілікті соттардың кеңсе меңгерушілерінің;

11) осы Қағидалардың 26-тармағында көзделген жағдайларда сот отырысы хатшыларының өкімі бойынша беріледі.

Өзге қызметкерлердің өкімімен соттың, Департамент пен оның аумақтық органдарының ғимаратына келушілердің кіруіне жол берілмейді.

16. Келушінің біржолғы рұқсаттамасына тапсырыс берілген кезде рұқсаттамаға тапсырыс берген адамның лауазымы, келушінің тегі, аты мен әкесінің аты (бар болған жағдайда), кабинет нөмірі, сондай-ақ келушімен ілесіп жүретін жауапты қызметкердің тегі мен аты-жөнінің бірінші әріптері хабарланады.

Ілесіп жүретін қызметкерсіз келушілер ғимаратқа жіберілмейді.

17. Келуші ғимаратқа кірерде бөлімше қызметкеріне бір жолғы рұқсаттама мен жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді.

18. Кіруге құқық беретін құжаттарда құжат деректерінің жалғандығы және сәйкессіздіктері, фотобейненің кіруші келбетімен сәйкессіздігі және өзге де бұзушылықтар анықталған жағдайда, бөлімше қызметкері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрекет етеді.

19. Пайдаланушының уақытша карточкасы, біржолғы рұқсаттама жазылып берген адамдар үшін ғана жарамды болады. Оларды басқа адамдарға беруге рұқсат етілмейді.

20. Келушілер сот, Департамент пен оның аумақтық органдары қызметкерлерімен бірге ғимаратта болады, олармен ілесіп жүруге жауаптылық, рұқсаттамаға тапсырыс берген адамға жүктеледі.

21. Келуші сот ғимаратынан шыққан кезде бөлімше қызметкеріне келгені туралы белгісі бар бір жолғы рұқсаттаманы тапсырады, кейіннен ол сот кеңсесі не сотттар әкімшісінің қызметкерлеріне табысталады.

22. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде келушілерді ғимаратқа өткізу тоқтатылады.

23. Соттың, Департамент пен оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимаратына алып кіруге тыйым салынған осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес тізбеде (бұдан әрі – Тізбе) көрсетілген бұйымдар мен заттардарды келушілердің кіргізуіне (алып кіруіне) рұқсат берілмейді. Тізбенің 8), 9), 10), 11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген бұйымдар ғимаратқа кірер кезде полиция бекетіндегі арнайы жеке ұяшықтарда қалдырылады.

4-тарау. Процеске қатысушыларға, сот процесіне қатысатын өзге де адамдарға, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдарға қатысты өткізу режимін ұйымдастыру

24. Сот процесіне қатысушылар, сот процесіне қатысатын өзге де адамдар соттарда қаралатын сот істерінің кестесі бойынша, сондай-ақ полиция бекетіне сотқа шақыру қағазын немесе сотқа шақыру туралы хабарламаны ұсынған кезде, адвокаттар мен прокурорлар қызметтік куәліктерін көрсетіп өтеді.

Ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдар соттарға жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейін кіреді.

Бұл ретте сот процесіне қатысушылар, оның ішінде адвокаттар, прокурорлар, сот процесіне қатысатын өзге де адамдар, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдар сот ғимаратының көпшілік кіретін бөлігіне өтеді. Аталған адамдардың қызметтік және режимдік үй-жайларға кіруіне жол берілмейді.

Іс материалдарымен танысу үшін сот ғимаратына келген сот процестеріне қатысушылар сот отырыстарының хатшылары тапсырыс беретін бір жолғы рұқсаттамалар бойынша кіреді.

25. Жабық сот отырыстарына кіру АПК-нің 19-бабына, ҚПК-нің 350-бабына, ӘҚБКо-ның 21-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

26. Сот процесіне қатысушыларды, сот процесіне қатысатын өзге де адамдарды Департаменттің құрылымдық бөлімшесінің, сот кеңсесінің қызметкері тіркейді. Тіркеу, сот ғимаратына кірер кезде жеке басты куәландыратын құжат көрсетілгеннен кейін жүргізіледі.

27. Сот отырысына келген сот процесіне қатысушыларға тізбенің 9), 11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген бұйымдарды сот ғимаратының көпшілік кіретін бөлігіне кіргізуге (алып кіруге) рұқсат беріледі.

Бұл ретте ҚПК-нің 345-бабына, АПК-нің 19-бабына және ӘҚБКо-ның 21-бабына сәйкес, сот процесіне қатысушы оларды сот отырысы залында пайдалануы үшін төрағалық етушіге жүгінуі қажет.

Тізбенің 8), 10) тармақшаларында көрсетілген бұйымдар ғимаратқа кірер кезде полиция бекетіндегі арнайы жеке ұяшықтарда қалдырылады.

28. Сот процесіне қатысатын өзге де адамдардың, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдардың тізбеде көрсетілген бұйымдар мен заттардарды кіргізуіне (алып кіруіне) жол берілмейді. Тізбенің 8), 9), 10), 11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген бұйымдар ғимаратқа кіру кезінде полиция бекетіндегі арнайы жеке ұяшықтарда қалдырылады.

 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету жөніндегі Қағидаларға
1-қосымша

Соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарына алып өтуге (алып жүруге) тыйым салынған бұйымдар мен заттардардың тізбесі

1) Атыс және суық қару;

2) Жарылғыш заттар, жарылатын құрылғылар және тез тұтанатын сұйықтықтар;

3) Уландырғыш заттар;

4) Қатты әсер ететін улы заттар;

5) Бактериологиялық, биологиялық және химиялық заттар;

6) Радиоактивті заттар;

7) Есірткі, психотроптық заттар;

 8) Бейне-, кино- және фотоаппаратура;

9) Жазатын құрылғылар және есептегіш техника;

10) Радиотехникалық және басқа да аппаратура (адамның ағзасына емдік немесе профилактикалық әсер етуге, не ағзалар мен ағза жүйелерінің функцияларын ауыстыруға немесе түзетуге арналған медициналық аппараттар мен жабдықтарды қоспағанда);

11) Қоңырау/хабарлама/жауап беру функциялары бар телефондарды қоспағанда, мобильдік құрылғылар (интернет модульдері бар ұялы телефондар, смартфондар, планшеттер және т.б.);

12) Ақпаратты машиналық тасымалдағыштар (флеш-карталар, USB-дискілер т.с.с.);

13) Техникалық құрылғылар, оның ішінде деректер беру, сондай-ақ халықаралық жаһандық желілерге және Интернет желісіне шығу мүмкіндігі бар сымсыз құрылғылар (Wi-Fi, Bluetooth, 3G, 4G және т.с.с.).