Облыстық сотта ҚР АІЖК жобасын талқылау бойынша аймақтық семинар өз жұмысын бастады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
   Елбасымыз Республика судьяларының VI съезінде сот жүйесін дамытудың басты бағыттарын айқындап, сонымен қатар жаңа Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексін әзірлеуді тапсырды.
   Аталмыш тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын (жаңа редакциясын) дайындап, заңнаманы жетілдіру және ілгері жылжыту бойынша бірқатар іс-шаралар өткізуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында АІЖК жобасын судьялар мен жұртышылық ортасында кеңінен талқылау көзделеді, бұл үшін төрт облыстық сотта аймақтық семинар өткізу жоспарланды.
Бұл жоба – Жоғарғы Сотының жұмыс тобының Елбасымыз судьялардың алтыншы съезінде қойған міндетті – процесс тараптарына ыңғайлы әрі сөзбұйдаға жол бермейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексін жаңартуды жүзеге асыру жөніндегі ұзақ уақытқа созылған тынымсыз жұмысының қорытындысы.
  Осыған байланысты 2014 жылғы сәуірдің 10-ы мен 11-і аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық сотында «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы (жаңа редакциясы): проблемалар және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар» тақырыбында аймақтық семинар өткізіледі. Аймақтық семинар жұмысына Жоғарғы Соттың судьясы Мамонтов Николай Иванович, АІЖК жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Астана қаласының, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының судьялары, цивилист-ғалымдар, әкімдіктің, прокуратура, әділет, ішкі істер органдарының, қорғаншы және қамқоршы органдардың, кеден және салық органдарының, «Нұр Отан» партиясының, адвокатура, нотариат, «Атамекен» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысады. Жариялылық және талқыланып жатқан заң жобасының ережелерін қалың көпшілікке  жеткізу мақсатында семинарға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған.
   Аймақтық семинарды облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай ашып, іс-шараға қатысушыларға арналған сөзінде бұл семинар  судьялардың  біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шара ғана емес, осы семинар арқылы норма шығару процесіне қатысудың бірегей мүмкіндігі берілгенін, мұның өзі семинардың ерекшелігі болып табылатынын атап өтті. Семинарға қатысып отырған әрбір қатысушы Азаматтық іс жүргізу кодексінің ережелері туралы өз пікірін білдіріп, оны жетілдіру жөніндегі салиқалы ұсыныстарын енгізе алатынын тілге тиек етті.
   ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексін дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Николай Иванович Мамонтов өз сөзінде заң жобасының негізгі нормалары бойынша түсінік берді. Ол ҚР АІЖК жобасының тұжырымдамалық ережелері мен новеллаларына жан-жақты тоқталды. Жекелеп алғанда Николай Иванович жаңартылған заңнама процеске қатысушылардың бәсекелестік қағидатын күшейту, істі сот талқылауына дайындау кезеңін жетілдіру, оңайлатылған іс жүргізудің жаңа  институтын енгізу және таратаптарды шақырусыз және олардың қатысуынсыз өтетін бұйрық арқылы іс жүргізудің қолдану аясын кеңейту сияқты азаматтық сот ісін жүргізудің барлық маңызды институттарын қамтитынын атап өтті.
   Заңнаманы әзірлеуге Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының (жаңа редакциясының) Тұжырымдамасын қабылдау жол салды, тұжырымдамада жаңа заңды қабылдаудың көздеген мақсаты айқындалған – бұл азаматтық іс жүргізу заңнамасының жеделдігін,  сот қызметінде техникалық құралдарды қолдану мүмкіндігін арттыру, сонымен бірге сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді белсенді қолдану үшін кодексті жаңарту арқылы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз ету.
   Сонымен бірге заң жобасы қашықтықтан дәлелдемелерді зерделеуге және түсініктемелерді тыңдауға, құжаттарды электронды түрде беруге, іс материалдарымен қашықтықтан танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған. Аталмыш шаралар сот төрелігінің жедел жұмысын және қолдетімділігін арттырады.
   Сот сатыларының, әсіресе, құқықтық дауларды жедел әрі дұрыс шешу үшін заңда қарастырылған барлық шара қолдануға тиіс жергілікті соттардың іс жүргізу өкілеттіктері елеулі түрде өзгертіледі.
   Дауды бейбіт жолмен реттеуге тараптарды ынталандыру және шиеленісті соттан тыс шешу тетігін күшейту мақсатында іс бітімгершілік келісіммен және бітістіру рәсімдерін өткізумен аяқталса, сот шығындарын азайту және мемлекеттік баж салығын кері қайтару қарастырылады.
   Семинарда заң жобасының жаңашылдығы талқыланып, ұсынымдар дайындалады, соларға қорыту жасап, зерделеу  және іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін жұмыс тобына жіберілетін болады.
 
 
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі