Солтүстік Қазақстан облыстық сотында «Құқық терминдерін жетік меңгеру» сайысы өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жетілдіру және дамыту мақсатында, Солтүстік Қазақстан облыстық сотында облыстың сот жүйесі қызметкерлерінің қатысуымен сайыс өтті.
Сайыстың модераторы болған Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Дархан Бейсов өз сөзінде іс-шараның мақсаты – құқық терминдерін жетік меңгерген сот мамандарын анықтау, сол арқылы ұжымдағы коммуникативтік қарым-қатынастарды дамыту екенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазин құттықтау сөзінде қатысушыларға сәттілік тілей отырып, құқық терминдері  заман талабына сай түрленіп, толықтырылып отыратынын атап өтті. Е.Жанғазин жастар – мемлекеттің тірегі, оның болашағы екенін, тілін сыйлап, қастерлейтін перзенттері бар елдің болашағы да жарқын болатынын басып айтты.
Қазылар алқасының құрамына облыстық сот төрағасы Ербол Жанғазин, облыстық сот  судьясы – мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіруші Сәуле Садықова, сондай-ақ Сот әкімшілігі департаменті басшысының міндетін атқарушы Арман Мұсаев енді.
Үш кезеңнен тұратын дода қатысушыларға шешендік өнерін, сөз байлығын және мемлекеттік тілдегі құқықтық терминологиядағы терең білімдерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірінші орынды Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотының командасы құрамындағы Талғат Ахметов пен сот приставы Руслан Кәкімов қанжығасына байлады.
Петропавл қаласының №2 сотының бас мамандары-сот отырысының хатшылары Әселхан Сапарова мен Айжан Бақтыбаева екінші орынды, ал Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының командасы құрамындағы бас мамандар-сот отырысының хатшылары Махаббат Тілеужанова мен Динара Айбасова үшінші орынды иеленді.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Қайнар: 
Солтүстік Қазақстан облыстық соты