Мүмкіндік беретін қадамдар //"Нұрлы ел" 20.07.2015

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мүмкіндік беретін қадамдар

Елбасы Н.Назарбаев жақын­да Қазақстан халқына бес институттық реформаны жүзеге асы­руға бағыттал­ған «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» деп ата­латын даму жос­па­рын ұсынды. 

Болашағы жарқын Қазақстанның келешегі үшін жасалған Ұлт жоспары қазақстандықтардың тарапынан қолдау тапты.  Жоспар негізіне кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру секілді 5 институционалдық реформа кіреді. Осы құжаттың бойынан еліміздің дамуындағы, әр саланың жұмысын жүйелеуге серпін беретін 100 нақты қадамын көреміз.

100 нақты қадамының бір бағыты сот қызметінің беделін көтеруге, халықтың олардың қыз­метіне деген сенімін арттыруға бағытталған. Мұнда қазақстандық сот құрылымының кем-кетігін бүтіндеп, халықаралық талаптарға жақындауына мүмкін­дік беретін бірнеше оң қадам көтерілген. Мәселен,  «100 нақты қадамда» судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілген. «Судьялар кор­пусындағы орынға үміткер кан­дидатқа міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі болуы қажет. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткерлер  стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді», – делінген. Яғни, мемлекет атынан шешім қабылдайтын судья лауазымына кез келген адам ие бола алмайды, судьялық қызмет жоғары біліктілікті қатаң талап етеді. 

Бұл ұсыныстың көпшілік тарапынан үлкен қолдау тапқаны анық. Себебі, судья адам тағдырын таразылайтын мәртебелі мамандық. Мұндай лауазымға заңдық білімі бар кез келген жанның үмітті бола­тыны және рас. Бірақ, судья атану үшін дипломның болуы аздық етеді. Ол үшін бұл мамандықа жаныңмен берілуің, оның бар қиындығына шыдауың керек. Сонымен қатар, судья болғысы келген адам бұл қызметке лауазым үшін емес, әділдікті орнатсам деген, тура төрелікке кепіл бола аламын деген асқақ мақсатпен келуі керек. Мамандыққа лайық болмау, істі шалағай атқаруға, жұмысына салғырт қарауға себеп­ші болады.  Осы тұрғыдан алғанда Елбасының судьялыққа үміткерлер арасында сот мамандарына басымдық беруі құптарлық. 

Қалай болғанда да, соттың тылында еңбек етіп, айлығының аздығына қарамастан жұмыстың қыр-сырын меңгеруге жанын сала кірісетін сот мамандарын бұл бастаманың ынталандырып тастағанын айта кеткеніміз жөн. «100 қадам» сот мамандарының асқақ армандарын орындауға мүмкіндік туғызды. Олардың жігерін жаныды. Қызметтерін бұрынғыдан да тиянақты атқарып, білімдерін жетілдіруіне, ізденіс­терін жалғастыруына серпін берді. Ал, сот отырысына қатысып, заңның қыр-сырын меңгерген, судьяның әр қимылын жіті бақы­лап, өзін-өзі қалай ұстайтынын көзбен көрген, баптарды қағаз жүзінде оқып қоймай, тәжірибе барысында қолданылуын ішіне түйген мамандардың дайын судья болып шығатынына күмән жоқ. Қазір әрбір соттың судьялары сот хатшыларының үйренуіне, білімін жетілдіруіне, талабын ұштауына қолдан келген­ше көмек көрсетуде. Кеше өзің тәлімгерлік еткен маманның ертең білікті судья болып, әріптес ретінде қатар жұмыс істеуі қуантарлық жағдай.

Елбасының сот саласына қатысты жүргізіп отыр­ған реформалары жоғары деңгейде дамыған құқықтық жүйесі бар нағыз конституционалды мемлекет құруға септігін тигізеді деген үміт бар. Бағдарламаның «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты  бөлімі соның айғағы іспеттес. 

Елбасы қашан да сот жүйесіне ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырады. Ұлттың дамыған мемлекеттер отыздығына кіруі жөніндегі Елбасы жоспары құқықтық жүйенің де жаңа тарихи жағдайларға сай жаңаруына жол ашады.  Стратегиялық жоспарда көрсетілген сот билігінің халық үшін ашық, қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне үн-бейнежазба құрылғыларын пайдалану соттардың халыққа жақын болуы бағытында жасалған шаралар. Заңның үстемдігі – дамыған  мемлекеттің кепілі. Сондықтан, жаңа бағдарламаның құқықтық мемлекетті құрудағы маңызы зор. 

 

Ақжар аудандық сотының төрағасы Н.Ә.Әріпхан