Сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау
Солтүстік Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Сарманқұлұлы Әмірдің қатысуымен «Сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру мәселелері» тақырыбында жиын өткізілді.
Іс шараға облыс соттарының судьялары, облыстың құқық қорғау органдарының, жергілікті атқару органдарының өкілдері, адвокаттар, нотариалдық палата, екінші деңгейлі банк, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшылары қатысты.
Іс-шараны Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазин ашты. Кіріспе сөзінде ол жиынға себеп болған мәселенің өте өзекті екенін айта келе, облыстың сот жүйесіндегі сот ісін жүргізу тілі бойынша статистикалық деректермен бөлісті.
«Біз өз тарапымыздан заң аясында көзделген міндеттерімізді орындап келеміз - іс немесе талап қою арыздары қандай тілде келіп түссе сол тілде қарауға дайынбыз», - деп қорытындылады сөзін Е.Жанғазин.
Жиын барысында, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Әбдіқахар Еркебаев, Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Темірбеков,  Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Сүлейменова, «Халықаралық Медиация орталығы» ӨҚҰ өкілеттігінің директоры Алтын би Бесембаева, адвокат Марат Мәліков баяндамамен сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан сөзінен бастады: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Ең бастысы, нақты іс болуы керек».
Мемлекеттік тіл – бүгінгі таңда өте өзекті мәселелердің бірі. Қоғамның тұрақтылығы мен әділеттілігінің кепілі болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-ші бабына сәйкес еліміздің мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4 - бабына сәйкес мемлекеттік тіл - қазақ тілі мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Алайда мемлекеттік мекемелер мен органдар тарапынан «Тіл туралы» Заңның талаптары әлі күнге дейін орындалмауда.
         Қазіргі таңда республикамыздың соттарында мемлекеттік тілінде қаралған істердің пайыздық үлесі 34% пайыз болса, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бұл көрсеткіш – 1 % пайыздан аса алмай отыр. Өңірде жұмыс жасалып жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Сәбит, Ғабит, Мағжан сияқты бабаларымыздың кіндік қаны тамған жерде мемлекеттік тілдің жай-күйі әрбір азаматты қынжылтады.
Бұл облысқа көршілес Көкшетау облысынан келіп қосылған бірнеше ауданда және біздің өзіміздің Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудандарында мемлекеттік тілді жетік меңгерген қандастарымыз көп. Олармен заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сотқа талап қою арыздарын мемлекеттік тілде беруіне жағдай жасауымыз қажет».
Сонымен бірге Д.Әмір сотқа дейінгі тергеу органдары қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғау барысында тілге қатысты заңнаманы бұзуға жол беретінін де тілге тиек етті. Атап айтқанда, іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден орыс тіліне өзгерту кезінде Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабының және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 738-бабының талаптары өрескел бұзылатынына мысал келтіріп өтті.
«Судьялар да істі қарауға дайындау барысында, тараптардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтап, олардың құқықтарын өздері жетік меңгерген тілінде қорғалуын қамтамасыз етуге ықпал етуіміз керек, себебі адвокаттарға талап қою арыздарын орыс тілінде жазып, сотта азаматтардың құқықтарын орыс тілінде қорғау қолайлы. Алайда бұл жағдайда орыс тілді білмейтін, қазақ тілді азаматтарымыздың құқықтары бұзылатынын ескергеніміз жөн. Біз заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бар күшімізді салуымыз керек», - деді Д.Әмір.
Источник: 
Солтүстік Қазақстан облыстық соты